Шәкәрім Құдайбердіұлының туғанына 160 жыл толуына орай



«Анық байлық денеңе біткен өнер...»
Қайран, қайғысыз, қамсыз күндерім,
Сайран, сауықты рахат түндерім
Сендерден не пайда?
Асқан алпыстан мынау жасымыз,
Қашқан шындықтан ғаріп басымыз,
Қаларсың қай сайда?
Шәкерім ҚҰДАЙБЕРДІҰЛЫ.

Белгілі қаламгер Әбіш Кекілбаев ел Тәуелсіздігінің елең-алаң тұсында «Бостандық – ұлтты бодандықтан да қатты сынайды» дегені бар еді. Жазушының ел рухын берік ұстауға үндегені, намысты қайрағаны болар. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдарда ел іргесін бүтіндеп, жоғын тауып, тарихын таразылап, кеңестік солақай саясат салдарынан жазықсыз опат болған тұлғаларын танытып, олардың еңбек-шығармаларын баян етті. Дегенмен де, Тәуелсіздік алғанымызға ширек ғасыр уақыт болса да туған өңірі болмаса, былайғы жерде есімі мен шығармашылығы әлі де болса көп айтылмай, танылмай жүрген тарих тудырған тау тұлға - бес арыстың бірі Шәкерім Құдайбердіұлы. 

Даналықты тәмсілдеген Шәкәрім ата кеңес үкіметінің қолшоқпары қара жүрек Қарасартовтың оғынан опат болып, отыз жыл Шақпақтағы құр құдықта қалды... Айдауда, Сібір жақта болған, ақыры еліне аман оралған ұлы Ахат отыз жылдан кейін әке мүрдесін құдықтан қазып алды, арулап Жидебайға, ағасы әрі ұстазы Абай ақынның жанына жерледі, кейін өзі де сол арадан, әкесінің жанынан жай тапты.

... Осыдан бірер жыл бұрын Павлодар саябағындағы «Қымызмұрындықта» киіз үйден домбыра үнімен үндесе әуелей шыққан ән елең еткізді... Соншалықты әуезді, әдемі дауыс «Ән өлшеуіш, өлең күміс, Қоспаңыз мыс аралас. Артық алу, не кем салу, Әрпі қалу жарамас» деп құйқылжыды. Ойпырау-ау, бұл Шәкерімнің әні ғой. Киіз үйдің ішіне ендім, алқалаған көпшіліктің ортасындағы ән шырқап отырған ұлттық киімдегі әнші әйел келбеті көзге оттай басылды. Ат жақты, қыр мұрынды, ұялы көзді, қабағы көз қиығын жапқан Шәкерім атаның фотосуреттегі келбеті жарқ еткендей болды. 

Фотосуреттегі бәрімізге таныс Шәкәрім ата. «Буыны сегіз, алтауы егіз, Үш ем деңіз, екеуі. Кім дәл басты, кілтін ашты, Жақсы ұйқасты нешеуі». Ән қалықтап барып, ақша бұлттан асып кетті ме... Әуезге ұйыған жұрт тым-тырыс қалды. «Ойпырмай, осы ән де бар екен-ау, қалай, қайтып ұмыта жаздағанбыз...» деген кейіпте. 

Көпшілік ду-у етті, тағы ән сұрады. «Тегін адам болмассыз, сірә» деген оймен әншіге жақындадым. «Есімім – Құралай, Шәкерімнің ұрпағы болам, Семей, Абай ауданы жағынанмын» деді. «Асылдың сынығы» деген осындай-ақ болар. Құралай апаймен көп әңгімелестік, сол жолы. Жақында редакцияға апайдың өзі келді, қолында нағашы атасына шығарған өлеңдері. «Әлдебір ішкі ой – толғаныс атам жайлы өлең жазуға жетелейді, жарықтық кейде түсіме енеді,- деді әңгіме арасында. - Павлодарда  Шәкерім атамның тағы бір ұрпағы бар, Мақсат есімі». 

Құнанбай қажы ұрпақтарымен дидарласу, әйгілі адамдардың тағдырын олардың аузынан есту бір ғажап қой. Ақыры жезтаңдай әнші, домбырашы апай мен бауыры Мақсатпен дидарластық.

                                                Сая  Молдайып